Бренд
Компанияның сәттілік құпиясы: Сіз тәуекел етпесеңіз, онда бизнестен кетуге тиіссіз
McDonald’s компаниясының Қазақстандағы филиалы өз жұмысын 18 қарашадан бастап уақытша тоқтататыны туралы Bugin.kz порталы хабарлаған еді. Әзірге мейрамхана қызметінің қашан қайта жанданатыны белгісіз. Компания баспасөз қызметінің сөзінше, елімізде Макдоналдс серіктестері 6 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Тез дайындалатын тамақтардың зияны туралы жүздеген адам ұран салғанымен, мыңдағаны фастфудтан әлі де қол үзген жоқ. Ал осы әлемдік көшбасшыға айналған алпауыт компания жайлы не білеміз?
Макдоналдс американдық корпорациясы – дүниежүзі бойынша ең көп тараған жылдам тамақтану желісі. 2010 жылдың қорытындысына сәйкес, аталған компания мейрамханалар желісі бойынша 2-орынға жайғасқан.
Алғаш құрылуы
Үлкен компанияның негізін Ричард және Морис Макдоналд салған. Ағайындылар алғашында аздаған қаражатқа кинотеатр ашқан. Алайда халықтың аз келуіне байланысты олардың бұл идеясы жүзеге аспаған. Қалған қаражатты жинап, жас кәсіпкерлер көлік жүргізушілеріне арналған қарапайым тамақтану орнын ашады.
Макдоналдтардың алғашқы мейрамханасы 1940 жылы Калифорния штатының Сан Бернардино қаласында ашылды. 8 жылдан соң ағайындылар табыстың негізгі көзі гамбургер сатудан түсіп жатқанын түсініп, жаңа бағытқа бет бұрған. Дәмхананың дизайны жаңарып, фастфуд дайындайтын конвейерге айналады. Ас мәзірінен көптеген тағамдар алынып, гамбургердің бірнеше түрі, жеміс шырындары, қытырлақ картоп және газдалған кола сусыны ғана қалған.
Табыс көзі
Нарықта 10 жыл бойы тоқтаусыз қызмет еткен компанияның табысы 1,5 есеге ұлғайып, жыл сайын 350 000 доллар түсіп отырды. Калифорния бойынша танымалдыққа ие болған мейрамхана туралы газет беттерінде де түрлі ақпарат тарай бастады. Ағайындыларға белді кәсіпкерлердің тарапынан жаңа әдіс бойынша жұмыс істеудің жобасын сату ұсынылған.
1950 жылдары кез келген адам бірнеше мың доллар арқылы Макдоналдстың серіктесі атана алды. Қолжетімді серіктестіктің арқасында Америка бойынша алтын түстес аппақ ғимараттар көбейген. Осылайша Макдоналдс компаниясының жаңа тынысы ашылады.
Ас мәзірі
Жылына 200 000 доллар табыс әкелетін дәмханада қуырылған еттің қырық түрі дайындалып отырған. 1965 жылы Макдоналдстың миллиардыншы гамбургері сатылып, бұл сәт компания тарихында ерекше шоумен қалды. Компанияның ең басты талаптары: жылдам әрі қолжетімді фастфуд, қызмет көрсету мәдениеті және тазалық күні. Сондай-ақ алпауыт фастфуд орталығының кез келген филиалында ас мәзірінің бірыңғайлығы сақталып отырды. Дәл осы ұстанымдар компанияның негізгі артықшылығына айналған.
1958 жылы «McDonald’ библиясы» атты бургер дайындаудың толыққанды сипаттамасы жарыққа шықты. Бүгінгі күні оның 750 парағы бар.
Білікті басшы-компания жетістігінің кепілі
Макдоналдс тарихында ағайынды Ричард пен Морис компания негізін салушы болса, білікті басшы ретінде Крок Рейдің есімі қалған. Крок гамбургер саласына келмей тұрып, қарапайым миксер сатумен айналысқан. Оған күнделікті тапсырыстармен бірге, бірден 8 миксер сатып алу туралы ұсыныс түседі. 8 миксерді қолданып, 40-қа жуық коктейль дайындайтын дәмханаға қызыққан бизнесмен тапсырыс берушіге өзі келеді. Бірнеше гамбургермен бірге, коктейльдің сатылып жатқанын көріп, дәмхана иелеріне серіктес болуды ұсынады.
Осылайша 1955 жылы «Макдональдс Систем, Инк» франчайзинг компаниясы ашылып, өз жұмысын бастайды. Компания құрылуынан бастап «Кока-кола» оның негізгі серіктесіне айналған.
Көпшіліктің сұранысына айналған үлкен «Биг Мак» бургерлері де Крок Рейдің басшылығынан пайда болған. Алғашында ол ас мәзіріне өзгешелік енгізуге қатты қорыққан. Себебі компанияның қаржылай қиындықтары мен бәсекелестері көп еді. Алайда Макдоналдс өнімдерін тұтынушылар күнделікті бір мәзірден жалыға бастайды. Осы сәтте Джимм Деллигатти есімді компания қызметкері екі еселенген гамбургерлерді түрлі соуспен сатуды ұсынған. 1967 жылы Питтсбургта алғаш рет «Биг Мак» сатылады.
Крок Рей Макдоналдстың сапасына өте қатты назар аударған. Тағамдардың дәмді әрі қолжетімдігі үшін өмірінің соңына дейін компанияның алыс филиалдарын өзі аралап, қатаң бақылауда ұстаған.